Ауыл

Жауапты науқанның бүгінгі сәті

Егіннің шығымдылығы бұған дейінгі екі  жылда тәуір болды. Облыс бойынша  дәнді дақыл егісінің түсімі гектарына 13-10,2 центнерден айналды. Бұл нәтижелер диқаншы қауымды  егіншілікпен шұғылдандыруға ынталандыра түсті. Бұл, үсітіміздегі жылы қыста қар жұқа түссе де, шаруалардың  егіс салуға ықыласты болғанынан аңғарылды. Соның нәтижесі — облыс бойынша егіс алқабының көлемі 55 мың гектарға ұлғайды. Тек дәнді дақылар егісінің көлемі 443,6 мың гектарға жетті.

Егін шығымдылығын арттырудың жолдары — гербицидтер мен тыңайтқыштар қолдануды нақты жолға қоюда  екені белгілі. Осы жылы тыңайтқыштар пайдалану өткен жылға қарағанда екі есе өсті. Бір сөзбен айтқанда, облыс диқандары мол өнім алуға көктемде, жаз бойы біраз агротехникалық шаралар жүргізіп, жақсы негіз қалаған еді. Алайда, егіншілік саласында өнімнің қалай болатыны әлі де табиғатқа тәуелді. Көктемнің ұзаққа созылуы әрі салқын болуы, қырық күн шілдеде ыстық соғып, жауын-шашынның аз болуы жаңа астықтың өсуіне өз әсерін тигізді. Астық жылдағыға қарағанда кеш пісті. Сондықтан да егін орағы біздің аймақта негізінен тамыздың үшінші онкүндігінде жаппай басталды. Күн сайын облыста шамамен 10-12 мың гектар алқаптың егіні орылып, бастырылады.

Облыстың егіншілікпен айналысатын төрт ауданы егін орағы науқанын кешеуілдетпеуге күш салуда. Әсіресе, бұл жұмыстарға Мәртөк ауданының шаруашылықтары ыждағатты кірісті. Тіпті «Коквес вест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сынды ұжымдар астық жинау жұмыстарын аяқтай келді. Бұл шаруашылық  сегіз мың гектар алқапқа дәнді дақыл салған еді. Биылғыдай жылы астықтың түсімі мұнда тәуір деуге болады, гектарына 9 центнерден айналуда. Жалпы жаңа астықтың түсімі жөнінен облыс бойынша мәртөктік диқандар алда келеді.

Салыстырмалы түрде Алға ауданында да егін жинау жұмысы ілгері. Олар барлық астықты алқаптың жартысынан артығын орып, бастырып үлгерді. Орта есеппен астықтың түсімі гектарына 10 центнерден келіп отыр.

Күздің келуі диқан қауымын асықтыра түссе керек. Өйткені күздің алғашқы күндері жауын-шашынын ала келді. Бұл астық жинауға біраз қолайсыздық әкелді. Сондықтан қалған ашық күндерде қарқынды үдету қажет. Егіншілік саласының мамандары осылай дейді. Әсіресе, облыстың негізгі астықты аудандары — Қарғалы , Әйтеке би өңірінің диқаншы қауымы жаңа астықты жинауды жеделдеткені жөн. Осы орақ науқанында қарғалылықтар 104,4 мың гектар алқаптың астығын жинайды. Бүгінгі күні олар астық жинауда мәртөктіктер мен алғалықтардан шабандау қимылдауда. Астықтың орташа түсімі бұл екі ауданда да төмен, гектарына  Қарғалыда — 6,4, Әйтеке би ауданында 4,5 центнерден  өнім жиналуда.

Егістің алқабы жөнінен Әйтеке би ауданы алдыңғы орында. Мұнда егіс алқабы 166,8 мың гектарды құрайды. Сондай міндет алып отырған ауданның диқандары егін орағын көп кешеуілдетуде. Облыс егін орағын қыркүйек айының ішінде аяқтауды көздеп отырса, әйтекебилік диқандардың бұл мерзімге үлгермей қаупі бар. Ал астық жинау мерзімін созу — онсыз да аз астықтың ысырабына соқтыратыны мәлім жай.

Егін орағы Хромтау ауданында да баяу. Әр жылдары егін орағы науқанында алда жүретін «Ақжар-Агро» ЖШС биыл әр гектардан 6-7 центнерден өнім жинауда.

Жалпы өткен жылғы осы кезеңмен салыстырған егін орағының қарқыны баяу, көрсеткіш те төмен.

Алайда егіншілік жөніндегі мамандар егін орағының дер кезінде аяқталатынына сенімді. Бүгінгі күні облыстың егіс алқаптарында 700-дің үстінде комбайн астық орып, бастыруда. Оның ішінде егін жинайтын жаңа техникалар да бар. Өйткені Әйтеке би, Алға, Мәртөк, Қарғалы аудандары биыл комбайн паркін біраз жаңартқан.

Биылғы егін орағы алдында республикада біраз проблема болғанмен, жанар-жағармай мәселесі облыста жақсы шешілген. Шаруалар арзандатылған жанар-жағармаймен қамтамасыз етіліпті. Егін орағына бөлінген 8,5 мың тонна жанар-жағармай «Батыс жер» ЖШС арқылы жеткізілген. Мамандардың мәлімдеуінше, жанар-жағармайдан проблема жоқ. Егін орағы науқанына бөлінген жанар-жағармайдың литрі 162 теңгеден немесе нарықтық бағадан 21 теңгеге арзан.

Жаңа астықты қабылдауда да кідіріс болмауға тиіс. Арнайы рұқсаты бар алты элеватор астық қабылдауға дайын.

Ендігі мәселе — егін орағының қарқынын үдетуде болып отыр. Әрбір ашық, қолайлы күнді тиімді пайдалану  қажет.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button